Президент бірқатар кодекстер мен заңдарға өзгерістер енгізуді көздейтін заңға қол қойды
Ақорда

Президент бірқатар кодекстер мен заңдарға өзгерістер енгізуді көздейтін заңға қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Anyqtime.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжат Жер, Орман, Кәсіпкерлік, Еңбек және Бюджет кодекстеріне, сондай-ақ 9 түрлі заңға өзгеріс енгізуді қарастырады. Түзетулер бірнеше бағытты қамтиды:

🔹 Бірінші блок – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) бойынша заңнаманы жетілдіру және олардың жерлерін басқа санаттарға ауыстыру негіздерін қайта қарау;

🔹 Екінші блок – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ЕҚТА аумақтарында экологиялық зиянның алдын алу;

🔹 Үшінші блок – Астананың жасыл белдеуін қорғау және тиімді пайдалану шаралары;

🔹 Төртінші блок – көміртекті офсеттерді сату мен пайдалану тәртібін енгізу. Бұл өзгеріс арқылы орман қоры жерлеріндегі жаңа отырғызылған ағаштар мен қалпына келтірілген аумақтардан алынатын парниктік газдарды сіңіру көлеміне негізделген көміртекті офсеттерді сату жүйесі енгізіледі;

🔹 Бесінші блок – ЕҚТА қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын арттыру;

🔹 Алтыншы блок – кәсіпкерлер үшін кепілдік беру жүйесін дамыту. Бұл екінші деңгейлі банктерден несие алу кезінде кепілдік жетіспейтін жағдайда бизнеске қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруды көздейді.

Заңның толық мәтіні ресми баспасөз беттерінде жарияланады.