Жетісу облысында жүк және жолаушылар тасымалына арналған заманауи халықаралық әуежай салынбақ. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов пен Skyhansa компаниясының тең құрылтайшысы доктор Кристин Грётцбахтың кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Әуежай жобасы үш кезеңмен жүзеге асады
«Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағындағы бұл жоба 2027 жылға дейін жолаушылар терминалы, жүк терминалы, JET A-1 авиаотынына арналған заманауи қойма салуды көздейді. 2032 жылға қарай туристік, ойын-сауық және бизнес инфрақұрылымы бар толыққанды көлік-логистикалық хабқа айналуы жоспарланған.
Инвестиция көлемі – 250 млрд теңге
Жоба жалпы құны 250 млрд теңгені құрайтын ауқымды инвестицияны қажет етеді. Премьер-министр Бектенов бұл бастама Қазақстанның Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы маңызды транзиттік рөліне тың серпін беретінін айтты.
Жаңа Жібек жолындағы логистикалық торап
Skyhansa компаниясының өкілі жобаның авиациямен шектелмейтінін атап өтті. Жүк және жолаушылар терминалдарынан бөлек, жанармай құю кешені, техникалық қызмет көрсету орталығы, бизнес орталық пен қонақүйлер салу көзделген. Әуежайдың шекараға жақын орналасуы мен теміржол, автожолдармен байланысты болуы – оны жаңа Жібек жолындағы маңызды логистикалық торап етеді.
Қазақстандық үлес басым болады
Жобаға қажет құрылыс пен қызметтердің негізгі бөлігі – отандық өнімдер мен мамандар арқылы қамтамасыз етіледі. Қызметкерлердің 90 пайызы – Қазақстан азаматтары болуы тиіс. Қазақстан тарапынан арнайы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және АЭА қатысушысы ретінде жеңілдіктер беру қарастырылған.
Анықтама: Жоба Skyhansa (Германия мен Қазақстанның бірлескен кәсіпорны) арқылы жүзеге асырылады. Германиядан – The Hansa Consortium, Қазақстаннан – Skymax Technologies компаниялар тобы серіктес болып отыр.