Қостанай облысындағы су тасқынына қарсы шараларға Үкіметтен 1 млрд теңге бөлінді
Қарасу ауданындағы көктемгі су тасқыны зардаптарын жою үшін Үкімет резервінен 1 миллиард теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында қолға алынған бұл шара Қарасу ауданында ұзындығы 14,2 шақырым болатын су бұру арнасын салуға бағытталған. Бұл – тасқын су қайта келмеуі үшін алдын ала жасалып жатқан инженерлік шешім.
Көктемде Тімтуір, Қойбағар, Алабота, Биесойған және Жаншора көлдерінің қосылуы салдарынан 621 шаршы шақырым аумақты су басты. Бұл аймақта маңызды инфрақұрылымдар, жолдар, байланыс желілері мен ауыл шаруашылығы алқаптары орналасқан. Сонымен қатар, 234 электр бағаны су астында қалып, 10 мыңға жуық тұрғын жарықсыз қалу қаупі туындаған.
Жобаның жалпы құны – 1,9 млрд теңге. Оның бір бөлігі облыстық бюджеттен, қалғаны – республикалық резерв есебінен қамтамасыз етіледі. Су бұру арнасы құрылысы аяқталғанда топырақтың дренаждық жүйесі жақсарып, тасқын қаупі едәуір азаяды деп күтілуде.