Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл да елдің ауылдық және аудандық елді мекендеріндегі мектептерді жаңғырту жалғасады. Жаңа 2025–2026 оқу жылында 1000-ға жуық білім ордасы толық жаңғыртудан өтпек, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңарту жұмыстары жеті бағытты қамтиды: пәндік кабинеттермен жабдықтау, күрделі және ағымдағы жөндеу, жиһазды жаңарту, кітапхана мен асханаларды жаңғырту, қауіпсіздік талаптарын күшейту және жалпы материалдық-техникалық базаны жақсарту.
Жоспарға сай, биология, химия, физика, STEM және робототехника бағыттарында 1000-ға жуық заманауи пән кабинеті сатып алынады. Сонымен қатар 509 мектептің кітапханасы мен 375 мектептің асханасы жаңартылмақ. 598 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 409 мектептің жиһаздары жаңартылады.
Бұл жұмыстардың нәтижесінде 369 мыңға жуық оқушының білім алу жағдайы едәуір жақсарады деп күтілуде. Жаңғырту жұмыстары қала мен ауыл арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтуға бағытталған.