IT мен жасанды интеллект: Астанада болашақ мамандарды дайындау туралы меморандумға қол қойылды
Астанада кадр даярлау саласындағы маңызды құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми ақпаратына сілтеме жасап.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Ануар Құсманов пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің төрағасы Ғалымжан Байтұрсынов өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжаттың мақсаты – IT мен жасанды интеллект саласындағы кадрлық әлеуетті арттыру.
Меморандум аясында «Болашақ» бағдарламасына іріктеу ережелері бойынша ақпарат алмасу, ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру және кадр мәселесіне қатысты кеңес беру көзделген. Сонымен қатар, әлемдік алпауыт компанияларда тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беру – басты назарда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін жасанды интеллектті дамыту – ел үшін стратегиялық маңызды қадам екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы тұрғыдан алғанда меморандум ЖИ бағытындағы қазақстандық мамандардың кәсіби дамуына жол ашады.
Құжатқа сәйкес, тараптар инженерлік және ғылыми кадрларды даярлау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, цифрландыру, инновациялар мен аэроғарыш салаларында бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Жиынға Astana Hub пен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өкілдері де қатысты.