Солтүстік Қазақстанда жоғары технологиялы жарма зауыты салынып жатыр
Жарма мен үлпектер шығаратын жоғары технологиялы зауыт. Сурет дереккөзі ОКҚ

Солтүстік Қазақстанда жоғары технологиялы жарма зауыты салынып жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін жаңа өндіріс іске қосылады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Жарма мен үлпек шығаратын заманауи зауыттың құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. Жобаның жалпы құны — 3 млрд теңгеден асады. Ал қажетті инфрақұрылымды тарту үшін облыстық бюджеттен 291 млн теңге бөлінген.

Жаңа кәсіпорында астықты қайта өңдеп, қосылған құны жоғары 9 түрлі өнім, соның ішінде түрлі ботқалар шығарылмақ. Зауыттың жобалық қуаты жылына 24–30 мың тонна дайын өнімге жетеді. Бұл — ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтып қана қоймай, экспорт әлеуетін де арттыратын ауқымды жоба.

Қазіргі таңда зауытта Украинадан жеткізілген заманауи жабдықтар орнатылып жатыр. Барлығы үш өндірістік желі іске қосылады деп жоспарланған. Жобаға энергия үнемдеу мен экологиялық қауіпсіздік бойынша халықаралық стандарттар негіз етіп алынған.

Зауытты 2025 жылдың тамыз–қыркүйек айларында толықтай іске қосу жоспарланып отыр.