ТЖМ мамандары жазғы өрт маусымында бақылауды күшейтті
Елімізде өрт қауіпті маусымда Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары табиғи өрттердің алдын алуға бағытталған кең ауқымды профилактикалық шаралар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараның басты мақсаты — орман және дала алқаптарындағы, саяжайлар маңындағы өрт қаупін азайту, халықтың жауапкершілік деңгейін арттыру. ТЖМ мәліметінше, әр өңірде мобильді топтар құрылып, рейдтер мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған.
Шығыс Қазақстан облысы:
ТЖ департаментінің ақпаратына сәйкес, өңірде ашық аумақтар мен саяжайлар жанында шөп өртейтін оқиғалар жиі тіркеледі. Осыған байланысты орманшылар мен құтқарушылар рейдтік тексерістерді күшейткен. Қазір облыста 52 мобильді топ жұмыс істейді. Олар 390-ға жуық рейд жүргізіп, 73 азаматты өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Аумақты аэровизуалды бақылау үшін дрондар қолданылуда.
Жамбыл облысы:
Ішкі істер органдары мен азаматтық қорғау қызметкерлері 16 мобильді топ құрып, орманды алқаптарда 309 рет рейд өткізген. Бұдан бөлек, көпқабатты үйлердің аулаларында, елді мекендерде түсіндіру шаралары мен балаларға арналған ашық есік күндері ұйымдастырылған. Нәтижесінде 232 адам әкімшілік жазаға тартылды.
Маңғыстау облысы:
Ыстық және құрғақ ауа райына байланысты өңірде 6 мобильді топ құрылып, олар күнделікті аумақтарды патрульдейді. Өрт сөндіру бекеттерінің жұмысы да жолға қойылған. Құрғақ шөп пен қоқысты рұқсатсыз өртеу фактілері анықталып, жолы кесілуде. Бекеттер өртке жедел ден қою уақытын қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Апта сайын жүргізілетін рейдтер нәтижесінде 5 құқық бұзушыға әкімшілік хаттама толтырылған.
ТЖМ азаматтарға үндеу жасады:
Министрлік орман мен далада жүрген азаматтарды от жағу, шөп пен қоқысты өртеу секілді қауіпті әрекеттерден бас тартуға шақырды. Балаларға оттың қауіптілігі жайлы түсіндіру маңызды. Өрт анықталған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу қажет.