10 қыз әкесінің 60 жасына Ақтаудан пәтер сыйлады
Маңғыстау облысында 10 қыздан тұратын бір отбасы көпшіліктің жүрегін елжіреткен ерекше сыйымен бөлісті: олар әкесінің 60 жылдық мерейтойына орай Ақтаудан пәтер алып берді, деп хабарлайды Anyqtime.kz Қоғамдық коммуникациялар орталығының ақпаратына сілтеме жасап.
Қыздардың айтуынша, пәтер сатып алу үшін олар бір жылдан астам уақыт бойы ақша жинаған. Әрқайсысы қолдан келгенше табыс тауып, бар армандары – әкелерін қуантуды мақсат еткен.
Пәтер таңдау жауапкершілігі отбасындағы ең белсенділер – егіздер Амина мен Алинаға жүктелген. Айта кетейік, олар бұған дейін, 2021 жылы да әкесіне көлік сыйлаған екен. Ал биыл, мерейлі 60 жасқа орай үлкенірек тарту жасауды жөн көрген.
— Бізді анамызбен бірге еш қиындыққа қарамай өсірді. Ешқашан шағым айтқан емес. Әрқашан біз үшін тырысып жүретін, – дейді үлкен қыздары Жақсыгүл.
Отбасы отағасы – Шалғын Үтегенұлы Маңғыстау облысы Қызан ауылында тұрады. Ол – 10 қыз бен бір ұлдың әкесі. Қызы бар үй – базар демекші, Шалғын аға әрбір қыздың дүниеге келгенін қуанышпен қабылдап, ұрпағын махаббатпен тәрбиелегенін айтады.
Пәтердің нақты құны айтылмағанымен, бұл сыйдың рухани құны отбасы үшін баға жетпес.
— Ата-анамыз – ауылдың қарапайым адамдары. Мал бағып, тыныш тіршілік кешіп келеді. Бірақ бізге махаббат пен тәрбие беруден ешқашан аянып қалған емес. Біз бар болғаны сол қамқорлыққа кішкене болсын алғысымызды білдіргіміз келді, – дейді Жақсыгүл.