«Әкеміз кінәлі»: Анасынан айырылған 7 баласы әкелерінің сотталуын талап етіп отыр
Шымкентте анасының өліміне қатысты әділдік іздеген жеті бала туған әкесінің лайықты жаза алуын сұрап отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Almaty.tv дерегіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға биыл ақпан айында болған. Көп балалы ананың өліміне қатысты өткен сотта күйеуі өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Алайда марқұмның балалары бұл үкіммен келіспейді. Олар істің кісі өлтіру бабы бойынша қайта қаралуын талап етуде.
— Біз анамыздың өз еркімен секіргеніне сенбейміз. Ол терезеден итерілді. Ең кішкентайымыз – 4 жаста. Сол кезде бәрін көрді. Ол өтірік айтпайды. Бірақ оның сөзі сотта ескерілмеді, – дейді қызы Перизат Қалдарбек.
Сотта судья Сәбит Төреханов Қылмыстық кодекстің 46-бабы 5-бөлігінің 5-тармағына сәйкес ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жаза өтеуді тағайындады. Бұған қоса, 5 ай тергеу кезіндегі қамауда болған мерзім есепке алынып, оның қысқаруы мүмкін екені айтылды.
Балалардың сөзінше, әкелері өмір бойы отбасына қол көтеріп келген. Олар әкесінің түрмеден ерте шығып, қайта мазаларын алатынынан қорқады.
— Біз оны көргіміз келмейді. Ол анамызды ұрып-соғып келді. Ең кішкентай бауырымыз да «әкеңді көргің келе ме?» дегенде, «жоқ» деп жауап берді, – дейді Перизат.
Марқұмнан жеті бала қалған. Қазір екі үлкен қыз кішкентай бауырларына қамқор болып жүр. Балалардың бірі арнайы мекемеде тәрбиеленуде. Олар елден тек әділет пен қорған сұрайды.