«Келісілген матчтар – футбол дамуына кедергі»: ҚФФ нақты шаралар қолға алды
Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) президенті Марат Омаров отандық футболдағы келісілген матчтар мен жемқорлық мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп жазады Anyqtime.kz тілшісі Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Омаров бұл мәселенің бұрыннан бар екенін жасырмай, бүгінгі күнге дейін футболдың дамуына елеулі кедергі келтіріп отырғанын атап өтті.
– Келісілген матчтардың бар екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ қазіргі Федерация басшылығы бұл құбылыспен күресті жүйелі түрде күшейтті. Бұл жаппай жемқорлық сипатында емес, дегенмен кез келген заңбұзушылыққа қарсы қатал шара қолданылуы тиіс, – деді ол.
Федерацияның мәліметінше, әділ ойын қағидасы басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылады. Осы мақсатта заңнамалық өзгерістер енгізу, жауапкершілікті күшейту және қылмыстық жаза енгізу мәселелері қарастырылып жатыр. Бұл бастамалар қазіргі уақытта Парламент пен тиісті мемлекеттік органдармен талқылану үстінде.
– Біздің ұстанымымыз айқын: спорттық адалдықты сатып, футболдың беделіне нұқсан келтіретін тұлғаларға Қазақстан футболында орын жоқ, – деп түйіндеді Марат Омаров.
Федерация мәліметінше, келісілген матчтардың алдын алу үшін құқықтық және ұйымдастырушылық деңгейде нақты шаралар қолға алынған.