«Гарет Бэйл “Кардифф Сити” клубын сатып алмақ»
Фото: sports.ru

«Гарет Бэйл “Кардифф Сити” клубын сатып алмақ»

Футболдағы мансабын аяқтағаннан кейін Уэльс құрамасының үздік сұрмергені Гарет Бэйл өз еліне инвестиция салуға ниетті. The Athletic порталының хабарлауынша, бұрынғы «Реал» шабуылшысы Уэльстің «Кардифф Сити» клубын сатып алуға талпынып отыр, деп хабарлайды Аnyqtime.kz.

Бейресми ақпаратқа сүйенсек, Бэйл жетекшілік ететін инвесторлар тобы «Кардифф Сити» футбол клубының қазіргі иесіне ресми хат жолдап, сатып алу туралы нақты ұсыныс жасаған. Құжатта қаржылық шарттар мен алдағы даму жоспары қамтылған. Алайда клуб басшылығы бұл ұсынысты қабылдамаған. Соған қарамастан, футболшы мен оның серіктестері келіссөздер жүргізуге мүдделі екенін білдіріп отыр.

Мамандар Бэйлдің бұл шешіміне оның бұрынғы командаласы, хорват футболшысы Лука Модричтің әрекеті әсер етуі мүмкін екенін айтады. Жуырда Модрич Уэльстің «Суонси Сити» клубынан миноритарлық үлес сатып алған еді. Бұл қадам Уэльс футболының іскерлік тартымдылығын арттырғанын көрсетеді.

Гарет Бэйлдің спорттық мансабы әлемдік футболда ерекше орын алады. Ол 2023 жылдың қаңтарында кәсіби мансабын аяқтады. Кардифф қаласының тумасы болған ол кезінде «Саутгемптон», «Тоттенхэм», «Реал Мадрид» және америкалық «Лос-Анджелес» клубтарында өнер көрсетті. Мадридтік клубпен бірге бес рет Чемпиондар лигасын, үш рет Ла Лига чемпионатын және басқа да бірқатар беделді турнирлерді жеңіп алды.

Уэльс құрамасы сапында 111 ойын өткізіп, 40 гол соққан Бэйл ұлттық құрама тарихындағы үздік бомбардир саналады.

Қазіргі таңда «Кардифф Сити» клубының жағдайы мәз емес. 2024/2025 маусым қорытындысы бойынша команда Чемпионшип турнирінің соңғы сатысында қалып, бір лига төмен сырғыды. Бұл жағдай клуб басшылығына жаңа инвестиция тартудың маңыздылығын көрсетеді.

Бэйлдің бұл бастамасы Уэльс футболының дамуына жаңа серпін беруі мүмкін. Егер мәміле сәтті жүзеге асса, футболшы кәсіби мансабынан кейін туған өлкесінің спортына үлес қосатын іскер тұлға ретінде танылады.