Атлант мұхитында ядролық қалдықтар табылды: ғалымдар экожүйеге келетін қауіп деңгейін зерттеуде
Солтүстік Атлант мұхитында ғалымдар бірнеше ондаған жыл бұрын тасталған ядролық қалдықтарды анықтады. Францияның Ғылыми зерттеулер орталығының (CNRS) хабарлауынша, табылған заттар — мыңнан аса контейнер, деп мәлімдейді Anyqtime.kz.
Маусым айының ортасында L'Atalante ғылыми кемесі Францияның Брест портынан Атлант мұхитына зерттеу экспедициясына аттанды. Төрт апта бойы зерттеушілер бұл қауіпті қалдықтарды іздеп қана қоймай, олардың теңіз экожүйесіне әсерін зерттеуге тырысты.
Мұрағаттық деректерге сүйенсек, 1950 жылдан 1990 жылға дейін түрлі мемлекеттер бұл аудандарды радиоактивті қалдықтарды көму орны ретінде пайдаланған. Ол кезде бұл аймақтың үлкен тереңдігі (3000–5000 метр), жағалаудан қашықтығы және геологиялық тыныштығы мұндай әрекет үшін қолайлы деп есептелген.
NODSSUM жобасының жетекшісі Патрик Шардонның айтуынша, бұл қалдықтардың көп бөлігі 400 жылдан кейін радиация таратуды тоқтатады.
1993 жылы ядролық қалдықтарды мұхитқа тастауға ресми түрде тыйым салынғанымен, сарапшылардың мәліметіне сәйкес, мұхит түбінде кемінде 200 мың контейнер бар. Олардың радиацияны толықтай ұстап тұра алмайтыны, әрі қазіргі жағдайы беймәлім екені алаңдатады.
Контейнерлердің көбі 1950–1980 жылдары суға тасталған. Қазіргі таңда 21 ғалымнан тұратын зерттеу тобы сол аймақтың жартысына жуығын қамтып отыр. Олар судың, шөгінділердің үлгілерін жинап, теңіз тіршілігіне әсерін бағалап жатыр.
.