Аналар күніне орай: Қасым-Жомарт Тоқаев анасы туралы естелігімен бөлісті
https://www.instagram.com/tokayev_online/

Аналар күніне орай: Қасым-Жомарт Тоқаев анасы туралы естелігімен бөлісті

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аналар күніне орай өзінің балалық шағынан қалған естеліктермен бөлісті. Мемлекет басшысы Instagram желісіндегі парақшасында ата-анасымен түскен сирек кездесетін фотоны жариялап, анасы – Тұрар Шабарбаева жайлы жүрекжарды жазбасын арнады, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Президент өз жазбасында төрт баладан тұратын отбасында анасының үй шаруасына ден қойғанын, отбасы тірлігін ұйытып ұстағанын айтып өтті.

– Анам сол жылдары жұмыс істемегенімен, үйдегі барлық жауапкершілік иығында болды. Әкем ғана табыс табатын. Әр айдың соңында жалақымен қатар, мақала мен кітаптардан түсетін қаламақы алған сәттер отбасымыз үшін нағыз мереке еді, – деп еске алады Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент анасының қарапайымдылығын ерекше атап өтті. Тұрар Шабарбаева сән-салтанаттан, алтын-күмістен тартынған, бар өмірін балаларының тәрбиесіне арнаған жан болған. Кейде қалаған затын өзі үшін емес, немерелеріне сатып алумен шектеліпті.

Сонымен қатар, Тоқаев анасының өз тағдырын шешетін маңызды кезеңде қандай қолдау білдіргенін де айтып өтті. Кеңес Одағы ыдыраған шақта Мәскеуде қалу не елге оралу таңдауымен бетпе-бет келген сәтінде, анасы «Әкең тірі болғанда, сені Қазақстанға оралуға үндейтін еді» деген бір ауыз сөзі Президентке шешім қабылдауда жол сілтеген.

– Бұл сөз мен үшін бұйрықтай әсер етті. Сол сәтте анамның даналығы мен ішкі сеніміне тағы бір мәрте көз жеткіздім, – дейді ол.

Мемлекет басшысы анасының өмірлік ұстанымы, тәлім-тәжірибесі оның дүниетанымына ерекше ықпал еткенін атап өтті. Тұрар Шабарбаева баласын адалдыққа, ұстамдылыққа және шынайылыққа баулыған. Әрқашан «ел алдында ұятқа қалма», «өз ісіңе берік бол», «асығыстық – сәтсіздіктің себебі» деген ұстанымдарды ұстануға кеңес беріп отырған.

– Ана жүрегінің кеңдігі мен ақыл-парасаты – мен үшін өмірлік бағыт-бағдар. Оның әрбір сөзі мен үшін құнды. Сол тәрбиенің арқасында мен бүгінде де әр шешімді байыппен қабылдаймын, – деп түйіндеді өз жазбасын Президент.

Anyqtime.kz ұжымы барлық аналарды мерекемен құттықтайды!