Салмақ тастайтын препараттар қауіп төндіруі мүмкін бе? Ұлыбритания зерттеу бастады
Ұлыбританияның денсаулық сақтау органдары Mounjaro, Ozempic және Wegovy сияқты салмақ тастауға арналған танымал препараттардың жанама әсерлерін тергеуді бастады. Бұл шешім жүздеген адамда ұйқыбездің қабынуы (панкреатит) анықталғаннан кейін қабылданды. Оның ішінде кемінде 10 науқастың өлімі тіркеліп отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ВВС-ге сілтеме жасап.
Зерттеуді елдің Медициналық препараттар мен медициналық бұйымдарды реттеу агенттігі (MHRA) мен Genomics England орталығы бірлесіп жүргізіп жатыр. Мақсат – салмақ тастауға арналған препараттар мен олардың ауыр салдарлары арасында байланыс бар-жоғын анықтау.
Қауіп бар ма?
Панкретитке ұшыраған пациенттердің көпшілігі аталған дәрілерді қолданған. Дегенмен, қазіргі уақытта препараттар мен ауру арасында тікелей байланыс бары дәлелденген жоқ. Тергеу барысында дәріге генетикалық бейімділік факторларын зерттеу көзделіп отыр.
Науқастардан жинақталған мәліметтер “Yellow Card” деп аталатын жүйеге тіркеледі. Бұл — Ұлыбританиядағы кез келген азамат дәрі-дәрмектен көрген жанама әсері туралы хабарлай алатын ресми алаң. Жүйеде қазіргі таңда аталған препараттарды қабылдағаннан кейін қайтыс болған 10 адам туралы ақпарат бар. Бірақ мамандар өлімге басқа да факторлар әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Неге дабыл қағылды?
Салмақ тастауға арналған препараттардың нақты қанша адамға тағайындалғанын анықтау қиын. Себебі көпшілік оларды интернет арқылы дәрігер нұсқауынсыз сатып алады. Денсаулық сақтау саласының мамандары мұндай дәрілер артық салмақпен күресте тиімді болғанымен, “ғажайып шешім” емес екенін және жанама әсерлері жиі кездесетінін ескертіп отыр. Атап айтқанда, жүрек айну, іш қату және диарея жиі тіркеледі. Сонымен қатар, кей деректер бойынша, Mounjaro препараты ауызша контрацептивтердің әсерін төмендетуі мүмкін.
Зерттеу нені өзгертеді?
Genomics England ұйымының профессоры Мэтт Браунның айтуынша, бұл зерттеу — медицинадағы жеке, генетикалық ерекшеліктерге негізделген тәсілге қарай жасалған маңызды қадам.
“GLP-1 негізіндегі дәрілер — Ozempic, Wegovy секілді — жиі қолданылады. Бірақ кез келген дәрінің ауыр жанама әсері болуы мүмкін. Егер бұл реакциялардың генетикалық себебі болса, оны болжау және алдын алу мүмкіндігі артады”, – деді профессор.
Бұл зерттеу болашақта қауіпсіз емдеу жолдарын дамытуға, сондай-ақ жеке адамның генетикалық бейімділігін ескере отырып, дәрі тағайындауға жол ашуы мүмкін.