Дәрігер ащы тұздықтардың кімдер үшін қауіпті екенін айтты
Фото: Гастроном

Дәрігер ащы тұздықтардың кімдер үшін қауіпті екенін айтты

Ащы тұздықтар мен чили бұрышын үнемі қолдану, әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарда, инфаркт қаупін арттыруы мүмкін, деп хабарлайды Anyqtime.kz

Бұл туралы Ұлыбританиядағы Кливленд клиникасының дәрігері Аллан Кейпин Daily Mail басылымына айтып берген.

Маманның айтуынша, бұрыштың ащы дәмін беретін капсаицин деген белсенді зат қан тамырларының тарылуына, қан қысымының күрт жоғарылауына және жүрек соғысының жиілеуіне әкелуі мүмкін.

«Бұл жүрек бұлшықетінде туа біткен ақауы немесе жүрегі ұлғайған адамдарда жүрек талмасы қаупін арттырады. Өмірге тікелей қауіп жоғары емес, бірақ қауіпті толық жоққа шығара алмаймыз», – деді дәрігер.

Кейпиннің айтуынша, зиян тек өте ащы тағамдардан ғана емес, сонымен қатар күнделікті тамаққа бұрышты жиі қосу әдетінен де туындауы мүмкін. Мұндай әдет уақыт өте келе асқорыту жүйесінің бұзылуына және кейбір деректерге сәйкес, өңеш немесе асқазан обырына шалдығу қаупін арттыруы мүмкін.

Осыған ұқсас қауіптер туралы АҚШ-тағы Тафтс медициналық орталығының кардиология бөлімінің меңгерушісі доктор Джеймс Удельсон да ескерткен. Ол ащы тағам жүрекке шамадан тыс күш түсіріп, қан айналымының бұзылуына және аритмияға алып келуі мүмкін екенін айтты:

«Медициналық тәжірибеде капсаициннің шамадан тыс әсерінен жүрек бұлшықетінің ишемиясына (қан айналымының жеткіліксіздігі) әкелген жағдайлар кездескен».

Капсаициннің нақты қандай мөлшері ауыр реакция тудыратыны әлі белгісіз – әр адамның оған сезімталдығы әртүрлі. Айта кетейік, тағамның ащылығын бағалау үшін Сковилл шкаласы қолданылады. Мысалы, әлемдегі ең ащы чили бұрышы – «Pepper X» – шамамен 2,7 миллион Сковилл бірлігіне ие болса, халапеньо небәрі 5 мың бірлікке жуық.

Айта кетейік, АҚШ-тағы Пенсильвания штаты университетінің зерттеушілері тағамның ащылығын арттыру артық тамақтануға қарсы тиімді тәсіл болуы мүмкін екенін де алға тартады.