Астанада өткен әлемдік нейрохирургтар форумына қатысқан танымал дәрігерлермен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кездесті, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Ақорда мәліметіне сілтеме жасап.
Президент форумның дәл Қазақстанда өтуі – отандық нейрохирургия саласының жетістіктерін халықаралық деңгейде мойындаудың белгісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жиындар тәжірибе мен озық технология алмасуға мүмкіндік береді.
– Ұлт саулығы – ел дамуының негізі. Сондықтан денсаулық сақтау саласына, әсіресе жоғары технологиялы бағыттарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазақстан нейрохирургияда жасанды интеллект пен роботты технологияларды енгізуге ден қойған, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу барысында Президент әлемдік медицинаны дамытуға үлес қосып жүрген нейрохирург мамандардың еңбегіне алғыс білдіріп, нейрохирургия – ғылым мен инновацияның тоғысқан саласы екенін ерекше атап өтті.
– Сіздер мыңдаған адамның өмірін құтқарған жоғары деңгейлі мамансыздар. Медицинада шекара жоқ екенін Астанадағы осы Конгресс дәлелдеп отыр, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның медициналық туризмді дамытуға және медициналық технологияларды трансферттеуге дайын екенін айтып, көрші елдермен шетелдік пациенттерді қабылдауға арналған үкіметаралық келісімдер жасау қажеттігін де ескертті.
Кездесу соңында Тоқаев Денсаулық сақтау министріне және Нейрохирургия орталығына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді – салаға озық технологияларды енгізу жұмыстарын жандандыру және шетел азаматтарын емдеу тетігін реттеу бойынша ұсыныстарды пысықтау қажет.
Форумға қатысқан тұлғалар қатарында:
- Салим Абдулрауф – АҚШ, Джордж Вашингтон университетінің профессоры;
- Александр Коновалов – Ресей, Бурденко атындағы нейрохирургия орталығының құрметті президенті;
- Нур уль Овейс Джилани – Ұлыбритания, University College London профессоры;
- Пьеро Пикоцци – Италия, Humanitas IRCCS ауруханасының департамент директоры;
- Ақмарал Әлназарова – ҚР Денсаулық сақтау министрі;
- Серік Ақшолақов – Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасы.