"Тұмар-2025" ұлттық телевизиялық сыйлығы: Жылдың үздік тележобалары мен авторлары аталды

Бүгін, 17:33 / Ақбота Сабырхан
Фото: пресс служба Министерства культуры и информации РК

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Астанада "Тұмар" ұлттық телевизиялық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2025 жылы "Тұмар" сыйлығы журналистердің әлеуметтік бастамалар мен елдің ақпараттық күн тәртібін қалыптастыруға қосқан үлесін мойындауға ерекше бағытталды.

Байқауға республикалық және өңірлік жетекші телеарналардан 11 номинация бойынша 300-ден астам өтінім түскен. Олардың ішінен 44 жұмыс шорт-листке іріктелді.

Жеңімпаздар отандық телевизиялық өнер саласындағы жоғары жетістіктері үшін "Тұмар" мүсіншесі мен 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин "Хабар" агенттігін 30 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы "Тұмар-2025" сыйлығымен марапаттады.

Сондай-ақ "КТК" телеарнасы – "Заң мен тәртіп" қағидатын насихаттауға қосқан үлесі үшін, ал "Еуразия бірінші арнасы" – "Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын" жариялауға қосқан үлесі үшін арнайы жүлдеге ие болды.

"Айта кетейік, "Тұмар" сыйлығы 2017 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен құрылған. Мақсаты – сапалы қазақстандық телевизияны дамыту және ілгерілету, телевизиялық контент өндіретін дарынды мамандарды қолдау, үздік өкілдерді ынталандыру. Сыйлық тағайындалған уақыттан бері 2200-ден астам өтінім қабылданып, 354 жоба финалға өтті. 98 лауреат "Тұмар" мүсіншесіне ие болды – бұл мойындаудың, шабыттың және кәсіби абыройдың нышаны", – делінген министрлік хабарламасында.

"Тұмар-2025" жеңімпаздары:

Ең үздік әлеуметтік тележоба – «Таза қала» – JIBEK JOLY телеарнасы

Жылдың үздік репортажы – «Көшпенділер қонағында» – МИР телеарнасы

Үздік ақпараттық-аналитикалық бағдарлама – «President» – 24KZ телеарнасы

Үздік журналистік зерттеу – «АЭС және энергетикалық қауіпсіздік» – ATAMEKEN BUSINESS

Жылдың үздік телехикаясы – «12:00» – 31 арна

Үздік деректі фильм – «Кулалы аралының адамы» – JIBEK JOLY телеарнасы

Үздік балалар тележобасы – «Түркістан сақшылары» – TURKISTAN TV

Үздік өңірлік телеарна – Saryarqa телеарнасы (Қарағанды облысы)

Үздік тележурналист – Ақерке Бектас  – QAZAQSTAN TV

Үздік тележүргізуші – Мөлдір Доспаева – Хабар телеарнасы

Үздік спорттық комментатор – Ерік Ерсін – QAZSPORT телеарнасы

Тэгтер:

Астана "Тұмар" ұлттық телевизиялық сыйлығы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақерке Бектас Ерік Ерсін Мөлдір Доспаева QAZAQSTAN TV QAZSPORT телеарнасы Хабар телеарнасы TURKISTAN TV JIBEK JOLY телеарнасы 24KZ телеарнасы МИР телеарнасы ATAMEKEN BUSINESS 31 арна Saryarqa телеарнасы