Ұлытау облысы Қазақстанда қант, бал, шоколад және басқа да тәтті өнімдерді тұтыну бойынша тағы да көш бастап тұр, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Бұл туралы 2025 жылдың бірінші тоқсаны бойынша Ұлттық статистика бюросының деректеріне сілтеме жасаған DATA HUB аналитиктері 19 маусымда жазды.
Есепке сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар–наурыз айларында өңір тұрғындары жан басына шаққанда орта есеппен 14,5 килограмм қант, джем, бал, шоколад және кондитерлік өнімдер тұтынған. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен 35% жоғары – Қазақстан бойынша орташа мән 10,8 килограммды құрады.
Ұлытау өңірі тәтті тұтыну көлемі бойынша қатарынан 12 тоқсан бойы – яғни арнайы өңірлік статистика жариялана бастағаннан бері – тұрақты түрде көшбасшы болып келеді. Осылайша, облыс 3 жыл қатарынан үздік атанып отыр. Бұл – кемінде соңғы 15 жыл ішінде, яғни 2010 жылдан бастап алғанда, Қазақстандағы рекордтық көрсеткіш.
Өңірдің ел бойынша басқа аймақтардан артықшылығы бұрынғы жылдарда да тұрақты болған: соңғы жылдары бұл көрсеткіш республикалық деңгейден орта есеппен 38% жоғары болған.
Бұған дейін биология ғылымдарының докторы Алексей Москалев ескерткен болатын: егер адам тым көп тәтті жейтін болса, бетінде әжімдердің ерте пайда болу қаупі артады.