Вьетнамның танымал радиосы Димаш Құдайбергенге арнайы шығарылым арнайды
"Вьетнам дауысы" радиоканалы қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған "Idols Talk: Deep" бағдарламасының арнайы шығарылымын ұсынады, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Сондай-ақ эфир барысында Димаштың вьетнамдық фан-клубының қызметі туралы да айтылмақ.
"Бағдарлама радиода 2025 жылдың 2 шілдесінде шығарылады. Онда әншінің шығармашылық жолы қарастырылады: 2017 жылы Қытайдағы "Singer" шоуындағы "SOS d’un terrien en détresse" әнімен дебютінен бастап, классикадан заманауи эстрадаға дейінгі түрлі музыкалық жанрларды қамтитын халықаралық мансабына дейінгі кезеңдер баяндалады", – делінген әншінің ресми сайтында жарияланған хабарламада.
Эфирде Димаштың орындауындағы екі композиция – "SOS d’un terrien en détresse" және "Love of Tired Swans" шырқалады.
Димаштың Вьетнамдағы фан-клубы 2017 жылы құрылған.
Бұған дейін қазақстандық әнші Димаш Құдайберген өз тыңдармандарын жаңа видеомен қуантты. Ол Instagram парақшасына "Махаббат бер маған, тағдыр" атты әннің атауымен пост жариялады.