«Бәрі жақсы. Алаңдамаңыздар»: Мөлдір Мұқанова ажырасу туралы сұраққа жауап берді
Әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жары Мөлдір Мұқанова тележүргізуші Анна Данченкоға берген сұхбатында отбасына қатысты қауесетке алғаш рет ашық пікір білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Желіде тараған бейнежазбада Мөлдір ішкі күйін жасыра алмайтынын, алайда өмірді қабылдауға тырысып жүргенін жеткізді.
— Көзімде мұң бар ма? Иә, бар шығар. Бірақ бәріміз пендеміз, ет пен сүйектен жаратылдық. Ішімдегі сезім мен сыртқы бейнем әрдайым сәйкес келе бермейді. Қазір кез келген жағдайды қабылдап үйреніп келем. Бұл – өмір. «Тек менде бәрі мінсіз болуы керек» деген ой болмауы тиіс, – деді ол.
Сұхбат барысында Мөлдір жақында желіде тараған бір видеосына да түсініктеме берді. Оның айтуынша, ол сәт кино түсірілімі кезінде болған. Ішкі күйзелістің әсерімен көңілі босап қалғанымен, көрініс аяқталғаннан кейін құрбысы түсіріп алған сәтті өзінің рұқсатымен желіге салған.
— Жасыратын ештеңем жоқ. «Жарайды» деп келістім, – деді ол.
Анна Данченко қойған: «Сіздер ресми түрде ажырастыңыздар ма?» деген сұраққа Мөлдір:
— Мен бұл сұраққа жауап бермеймін деп шештім. Бәрі жақсы. Еш алаңдамаңыздар. Осы – жауабым, – деп жауап қатты.