Шығыс Қазақстан облысындағы бірнеше ауылдың тұрғындары бау-бақшадан айырылып қаламыз ба деп қорқып, көмек сұрап жатыр. Айтуларынша, қаптап кеткен құрттар үй маңындағы көкөніс егістіктерін, ағаштарды, тіпті орманды жайпап, көз ілеспес жылдамдықпен бәрін жойып жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
«Биологиялық қару» атанған құрттар
Ұлан ауданына қарасты Белогорский, Асу Бұлақ, Огневка ауылдарында шөп те, жапырақ та қалмаған. Құрттар шырша мен қарағайдың инелерін де жеп, ормандар мен бау-бақшаларды тып-типыл еткен. Жергілікті тұрғындар бұл жәндіктерді «биологиялық қару» деп атап, шұғыл шара қабылдауды сұрайды.
– Құрттар жапырақ, гүл, тіпті қылқан жапырақты ағаштардың өзін түгел жеп жатыр. Барлығын құртып барады. Қолмен жинап үлгермейміз. Бұл – тең емес күрес, – дейді ауыл тұрғындары.
Тек өнім емес, табиғат та жойылып барады
Тұрғындардың айтуынша, бұл аймақта дүкен жоқ. Ауылда небәрі 50 адам қалған. Нан аптасына екі рет қана жеткізіледі. Сондықтан орман мен егін – жалғыз азық көзі.
– Биыл егін күйіп кетті. Қысқа жинайтын алма, жидек, шөп – ештеңе қалмады. Құрттар енді картоп пен сәбізге жетсе, бізге мүлде қиын. Мынау – менің алмам еді. Бір апта бұрын гүлдеп тұрған. Қазір жап-жалаңаш, – дейді тұрғын Татьяна Сутормина.
«Мұндай апатты 42 жылда алғаш көруім»
– Мен орманда 42 жыл жұмыс істедім. Бұрын жібек көбелегін де, долана көбелегін де көрдім. Бірақ дәл мұндай сұмдықты алғаш көруім. Құрттар қотыршөптің өзін де жайлап алған. Көбею жылдамдығы – сұмдық, – дейді орманшы Иван Шаров.
Құрттар өсімдіктермен қатар үйлердің ішіне де кіріп кеткен. Кейбір тұрғындардың айтуынша, олар тіпті тамақтан да табылып жатыр. Бұдан бөлек, құртқа тиген соң қолдары ісіп, ауырсынғандар да бар. Тұрғындар құрттар улы болуы мүмкін деп қауіптенеді.
Әкімдік пен мамандар не дейді?
Жергілікті әкімдік жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді. Ауыл шаруашылығы саласының фитосанитарлық қызметі құрттардан сынама алып, зертханаға жолдаған. Қорытындысы шыққан соң ғана нақты шешім қабылданады.
Алайда тұрғындар билік тым кеш әрекет етіп жатыр деп есептейді. Себебі көз алдында түгел өнім мен өсімдіктер қурап, тіршілік көзі жойылып барады.