ШҚО-дағы жылу желілеріне Үкімет резервінен 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді
Жылу желілері, ашық дереккөзі

ШҚО-дағы жылу желілеріне Үкімет резервінен 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру аясында Үкімет резервінен Шығыс Қазақстан облысындағы жылу желілерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды Anyqtime.kz Primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сәйкес, қаражат Риддер қаласы мен Қасым Қайсенов кентінің ең тозығы жеткен жылу желілерін жөндеуге бағытталады.

Нақтылай кетсек:

Риддер қаласында ұзындығы 5,9 км жылу желісіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл – ең тозған учаске.

Ұлан ауданы Қ. Қайсенов кентінде 9 км жылу желілерін қайта жаңғыртудың екінші кезеңін аяқтауға 113 млн теңге қарастырылған.

Облыс аумағында жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 55%-дан асады, кейбір елді мекендерде бұл көрсеткіш 75%-ға дейін жеткен. Көпшілігіне 30 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жасалмаған.

Айта кетейік, 2024 жылдың мамыр айында Риддер ЖЭО-на байланысты қосымша 1,7 млрд теңге бөлінген болатын. Бұл қаражат:

  • екі қазандық агрегатын жөндеуге,
  • №5 редукциялық-салқындату қондырғысының автоматтандырылған басқару жүйесін енгізуге,
  • электр жабдықтарын жаңартуға бағытталған.

Соңғы екі жыл ішінде атқарылған шұғыл жөндеу жұмыстарының нәтижесінде Риддер қаласындағы жылу желілерінің тозуы 82%-дан 66,8%-ға дейін төмендеген.