Маңғыстауда мүгедектігі бар жандарға қолайлы 567 нысан бейімделді
Маңғыстау облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында 567 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бейімделген. Бұл туралы Anyqtime.kz ақпараттық порталы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Елімізде 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданған. Сонымен қатар «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Халықпен бірге» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру көзделген.
Жол картасына сәйкес, 2027 жылға дейін еліміздегі 42 мыңнан астам нысан арнайы интерактивті картаға енгізіліп, кезең-кезеңмен бейімделуі тиіс. Мәселен, 2023 жылы – 20%, 2024 жылы – 40%, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 60%-ға жетуі керек. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан бойынша 23 206 нысан бейімделіп үлгерген.
Маңғыстау өңірінің өзінде қазіргі таңда 567 нысан бейімделсе, алдағы 2025 жылдың соңына дейін тағы 368 нысан қамтылмақ. Осылайша, аймақтағы қоғамдық орындар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін әлдеқайда қолайлы бола түсуде.
Екінші топ мүгедектігі бар тұрғын Ислам Атакишиев бұл жұмыстардың оң нәтиже беріп жатқанын атап өтті.
«Жантөрин атындағы театрға кіргенімде ерекше қуандым, кіріп-шығуға толық жағдай жасалған. Сондай-ақ, жақында "Дина" супермаркетінен сауда жасадым. Онда да барлық жағдай қарастырылыпты – тактильді плиталар мен көрсеткіштер бар», – дейді ол.
Сонымен қатар, 2025 жылдың басынан бері Маңғыстау облыстық әлеуметтік қорғау комитеті 22 тексеру жүргізіп, 6 нұсқама енгізген. Оның алтауы бойынша әкімшілік жауапкершілік қаралған.
Айта кету керек, тексеріс кезінде алғаш рет анықталған заңбұзушылықтар үшін айыппұл салынбайды. Ал ескерту мерзімінде бұзушылық жойылмаған жағдайда, нысан иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады.