Қазақстанда жүрек ақауы бар нәрестелердің 74 пайызы дүниеге келмей жатып анықталады
Суретте жаңа туылған сәби. Ашық дереккөзі

Қазақстанда жүрек ақауы бар нәрестелердің 74 пайызы дүниеге келмей жатып анықталады

Қазақстанда туа біткен жүрек кемістіктерін ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі айтарлықтай артып отыр. Пренаталдық диагностика жүйесінің даму нәтижесінде бүгінде ұрықтағы жүрек ақауының 74 пайызы бала дүниеге келмей жатып анықталады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл көрсеткіш жаңа туған нәрестелердің алғашқы күндерінде дер кезінде ота жасауға мүмкіндік беріп, олардың өмірін сақтап қалуға сеп болады. Жетістікке жетуге «University Medical Center» корпоративтік қорының жанындағы республикалық ұрықты сақтау орталығы мен Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының үйлесімді жұмысы негіз болған.

Елімізде ұрық жүрегін тексеруге арналған кеңейтілген УДЗ хаттамасы енгізілді. Сонымен қатар, жаңартылған ұлттық стандарттар бекітіліп, өңірлік дәрігерлерді даярлау жүйесі жолға қойылды. Ресей мен Еуропадан жетекші мамандар тартылып, тәжірибе алмасу жолға қойылған.

2024 жылдан бері еліміздің 20 өңірінде ұрық эхокардиографиясы бойынша үйлестіруші дәрігерлердің біліктілігін арттыру бастамасы іске қосылған. Оның аясында Астанадағы UMC базасында бес бірдей халықаралық мастер-класс ұйымдастырылып, қазақстандық мамандар оқытылды.

Сондай-ақ, 2025 жылдың маусым айында елордада өткен ІІ Халықаралық пренаталдық диагностика конгресінде осы саладағы жетекші мамандар бас қосып, пренаталдық медицинаны жетілдіруге бағытталған маңызды қарар қабылдады.