Арқалыққа жылу мен жол: Үкімет 250 млн теңге бөліп, инфрақұрылымды күшейтпек
Арқалық қаласының тозығы жеткен жылу желілерін жаңғырту үшін Үкімет резервінен 250 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаладағы жылу жүйесінің жағдайы күрделі: желілердің ұзындығы 34,7 шақырым болса, олардың көбі 1990 жылдан бері жаңартылмаған. Қазіргі таңда тозу деңгейі орта есеппен 48 пайызды, ал кейбір учаскелерде 82 пайызға дейін жеткен. Бұл жағдай қыс кезінде жылудың айтарлықтай жоғалуына алып келіп отыр.
2023 жылдан бері Арқалықта жылу көздерін жаңғыртудың екінші кезеңі іске асырылып жатыр. Қазірдің өзінде 17 шақырым құбыр ауыстырылған. 2025 жылға қарай тағы 9,9 шақырым жаңартылуы тиіс. Нәтижесінде тозу деңгейі 12 пайызға дейін төмендемек.
Жылу жүйесіндегі бұл өзгерістер Арқалықтағы 38 мыңнан астам тұрғынның қыс мезгілінде жылы әрі тұрақты қызметпен қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жөндеу жұмыстары биылғы 2024-2025 жылу маусымына дайындық аясында белсенді жүргізілуде. Биыл жалпы ұзындығы 27,9 шақырым болатын 22 жоба қолға алынған.
Арқалық тек жылу жүйесімен ғана емес, көлік инфрақұрылымында да оң өзгерістерге қадам басып отыр. Маусым айында стратегиялық маңызы зор «Орталық – Батыс» автожол дәлізінің құрылысы басталды. Ұзындығы 865 шақырым болатын бұл жаңа жол Астана мен Ырғыз арасын 573 шақырымға қысқартады. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асырылып отыр.
Сонымен қатар, қалада «жасыл» энергетика мен әуежайды қайта жандандыру бағытында да жұмыстар қолға алынбақ. Бұл бастамалар аймақтың экономикалық әлеуетін көтеріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға серпін береді.