Депутаттар демалысқа шықты: сессияда қандай заңдар қабылданды?

30 маусым, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Сурет: Парламент мәжілісі

Парламенттің сегізінші шақырылымы үшінші сессиясын аяқтады. Қос палатаның бірлескен отырысында мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың жыл бойғы жұмысын қорытындылап, парламент мүшелері каникулға шыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Сөз арасында Қошанов биылғы сессия мемлекет басшысының реформаларын заңнамалық жағынан қолдап, “күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет” формуласының тиімділігін дәлелдеді деп атап өтті. Оның айтуынша, парламент жолдауларда белгіленген тапсырмаларға сәйкес жұмыс істеп, ұлттық құрылтайда айтылған бастамаларға ерекше көңіл бөлген.

Сессия аясында депутаттар 158 заң жобасын қарап, соның 89-ын қабылдаған. Солардың ішінде амнистия туралы заң, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жөніндегі өзгерістер, Қылмыстық, Салық, Бюджет және Су кодекстеріне енгізілген түзетулер бар.

Алдағы сессияда депутаттар Құрылыс кодексі, құқықбұзушылықтардың алдын алу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, банк секторы секілді бірнеше маңызды заң жобасын талқыламақ.

Айта кетейік, маусымның соңында жыл сайынғы дәстүрге сай парламент жұмысын қорытындылап, депутаттар жазғы демалысқа кетеді. Демалыс кезінде олар өңірлерге шығып, сайлаушылармен кездесулер өткізуді жалғастырады.

Тэгтер:

демалыс заң депутат каникул