Депутат Бақытжан Базарбек төрт бірдей арызбен бас прокуратураны бетке алды
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек "СК-Фармация" мен бірқатар фармацевтикалық компанияларға, сондай-ақ МӘМС жүйесі мен субсидиялау тетіктеріне қатысты заңсыздықтар үшін төрт арыз дайындап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Парламент кулуарында тілшілер сұрағына жауап берген депутат бұл арыздардың әрқайсысы ауыр фактілерге негізделгенін жеткізді. Оның сөзінше, фармацевтика саласындағы заңбұзушылықтарға байланысты бірінші арыз бас прокуратураға жолданбақ.
— Қазіргі таңда жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс қорытындысы бойынша "СК-Фармация" мен ірі дәрі-дәрмек жеткізуші компанияларға қатысты прокуратураға арыз әзірленіп жатыр, — деді ол.
Сондай-ақ Базарбек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде қаржы жымқыру фактілерінің анықталғанын айтып, осы бағытта екінші арыз дайындалып жатқанын мәлім етті.
Үшінші арыз — ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялау тетіктері мен оның тиімділігіне қатысты. Ал төртінші арыз үкіметтің 2023 жылғы есебіне байланысты.
Айта кетейік, бұл есеп 27 маусымда Мәжілісте мақұлданған еді.
— Бұл төрт арызды бесінші сессия басталғанға дейін соңына дейін жеткіземін. Бас прокуратурамен тығыз жұмыс істеймін. Қылмыстық істер қозғалып, тергеу мен тұтқындаулар болатынына сенемін, — деді Базарбек.
Депутат бұған дейін де "СК-Фармация" басшылығының қылмыстық құқықбұзушылық белгілеріне қарамастан тек жұмыстан босатылуымен шектелгеніне күмән келтіріп, тергеу басталуы тиіс екенін айтқан болатын.