Қазақстанда министрліктер қысқара ма? Мәжіліс депутаты жаңа ұсыныс айтты

30 маусым, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: t.me/mazhilis_kz

Мемлекеттік аппаратты оңтайландырып, бюджет шығынын азайту үшін министрліктерді біріктіру керек. Бұл ұсынысты Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жасады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме бере отырып.

Парламент кулуарында сөйлеген депутат 2026 жылдан бастап мемлекеттік қызметті толық цифрландырып, жасанды интеллект енгізу арқылы аппаратты қысқарту қажет екенін айтты. Оның пікірінше, бұл мемлекеттік шығынды азайтып, шетелдік қарыздың арту қаупін төмендетуге көмектеседі.

"Мемлекеттің шығынын қысқартпасақ, 2026 жылдан бастап борыш қыспағына тап болуымыз мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қызметті цифрландыру аясында үкімет те, мемлекеттік аппарат та оңтайлануы керек", – деді Базарбек.

Ол сондай-ақ бірнеше министрлікті біріктіру қажет екенін атап өтті. Мысал ретінде су ресурстары министрлігін экология министрлігімен, қаржы министрлігін ұлттық экономика министрлігімен, ал индустрия министрлігін құрылыс министрлігімен біріктіруді ұсынды.

"Қазақстан халқының саны 20 миллионға да жетпейді. Мұншама министрлік қажет емес. Әр министрдің кемі 5-6 орынбасары бар. Солардың төртеуін қысқартып, тек екеуін қалдырсақ та жеткілікті", – деді депутат.

Сондай-ақ, ол "Самұрық-Қазына" және "Бәйтерек" секілді ұлттық компаниялардың әкімшілік аппаратын да қысқарту қажет екенін айтты.

Бұл бастама қоғамда түрлі пікір тудыруы мүмкін. Кейбір сарапшылар мұндай өзгеріс тиімділік әкелсе, енді біреулері мемлекеттік басқарудағы жауапкершілікті азайтып жіберуі мүмкін екенін ескертеді.

Тэгтер:

жасанды интеллект Бақытжан Базарбек Цифрландыру министрліктер қысқара ма шығын