Газа қайта дүрлігіп жатыр: Израиль солтүстік аймақты босатуды талап етті
Израиль қорғаныс күштері Газаның солтүстігіндегі бірқатар аудандарды босатуды талап етті. Әскери операция алдында тұрғындарды шұғыл эвакуациялау туралы ескерту таратылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Euronews басылымына сілтеме жасап.
Израиль әскері жексенбі күні Газа қаласының шығыс және солтүстік бөліктерінде, сондай-ақ Жабалия босқындар лагерінде тұратындарға оңтүстікке — Муваси аймағына көшуге бұйрық берді. ЦАХАЛ (Израиль қорғаныс армиясы) өкілі Авихай Эдраи бұл қадамның жаңа әскери операциямен тікелей байланысты екенін жеткізді.
Осы аралықта АҚШ президенті Израиль мен ХАМАС ұйымын атысты тоқтатуға үндеп, келісімге келуге шақырды. Дегенмен, бірер сағат өткен соң Израиль армиясы Газадағы бірнеше нысанаға әуе соққысын жасаған. Палестинаның медициналық қызметі кемінде 60 адамның қаза тапқанын хабарлады.
Жергілікті деректерге сүйенсек, әуе шабуылдары жұма күні кешкісін басталып, сенбі таңына дейін жалғасқан. Құрбандардың денесі “Аль-Шифа” ауруханасына жеткізілді. Қаза тапқандар арасында “Палестина” стадионы маңында орналасқан босқындар да бар. Сонымен қатар, сегіз тұрғын өз үйлерінде көз жұмған.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп та бұл қақтығысқа байланысты пікір білдіріп, әлеуметтік желіде “Газада келісімге келіңдер. Тұтқындарды қайтарыңдар” деп жазды.
Айта кетейік, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың жақын апталарда Вашингтонға ресми сапары күтілуде. Ал атысты тоқтату келісімін талқылау мақсатында стратегиялық жоспарлау министрі Рон Дермер алдағы күндері АҚШ-қа жол тартпақ.