Париждің 11-округінде ашылған ерекше мекен – Cafe Pli, хат жазып, оны болашақтағы нақты күнге жіберуге мүмкіндік береді. Бұл Еуропадағы алғашқы осындай форматтағы кафе, идеясы Сеулдегі Nuldam Space жобасынан алынған, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Кафе келушілеріне арнайы шығармашылық кеңістік ұсынылады: конверттер, түрлі ашық хаттар, стикерлер, қаламдар – бәрі еркін түрде пайдалануға болады. Кез келген адам махаббатқа, армандарға немесе болашақтағы өзіне арналған хат жазып қалдыра алады.
Хаттар кафе ішіндегі арнайы бөлімдерде сақталады. Әрбір жазылған хат белгілі бір күнге тіркеліп, сол уақытта пошта арқылы жолданады. Хаттарды сақтау қызметінің құны — бір жылға 15 еуро, бес жылға 25 еуро, ал жиырма жылға — 45 еуро. Егер халықаралық жөнелту қажет болса, қосымша 4 еуро төлеу керек. Мекенжайды өзгерту қызметі де қарастырылған – ол 10 еуро тұрады.
Cafe Pli тек пошта қызметімен ғана шектелмейді. Мұнда тұрақты түрде шығармашылық шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Қонақтар каллиграфия, акварель, линогравюра және жазу өнерінің басқа да бағыттары бойынша семинарларға қатыса алады. Бұл – тек хат емес, рухани байланыс орнатудың жаңа форматы.