«Тұмшаланып» киінуге заңмен тыйым салынды: Тоқаев қол қойды
Суретте никаб киген қыз. Ашық дереккөзі

«Тұмшаланып» киінуге заңмен тыйым салынды: Тоқаев қол қойды

Қазақстанда қоғамдық орындарда бетті жауып тұратын киім киюге ресми түрде тыйым салынды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Бұл тыйымды заң жүзінде бекітетін құжатқа бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Енді ел аумағындағы қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімді киюге жол берілмейді. Мұндай шара құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында енгізіліп отыр.

Сонымен қатар, бірқатар ерекше жағдайларда бұл талап қолданылмайды. Атап айтқанда:

  • Қазақстан заңдарын орындау кезінде;
  • Қызметтік немесе еңбек міндетін атқару барысында;
  • Медициналық себептермен;
  • Азаматтық қорғаныс жағдайларында;
  • Қолайсыз ауа райына байланысты;
  • Спорттық, бұқаралық және мәдени шаралар кезінде.

Жаңа талаптар «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңға енгізілген өзгерістер аясында заңдастырылды.

Бұған дейін, маусымның 10-ында Сенатта осы мәселеге қатысты түзету ұсынылған болатын. Онда қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімге шектеу енгізу жөніндегі бастама жұмыс тобының отырысында қаралған еді.