Аптап ыстықтан жұмыс істеуге тыйым салды. Елімізде ауа райы қандай?
Фото: qaz-media.kz

Аптап ыстықтан жұмыс істеуге тыйым салды. Елімізде ауа райы қандай?

Еуропада аптап ыстық күшейіп, билік төтенше шараларға көшті. 40°C-тан асқан температураға байланысты кей өңірлерде жұмысқа уақытша тыйым салу қарастырылуда. Қызыл деңгейлі ескерту жарияланып, орман өрті қаупі өсті. Туристер көлеңке мен субұрқақтарды паналап жүр. Ал елімізде ауа райы қандай болмақ. «Қазгидромет» алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Қазақстанда да жаздың ыстығы күшейіп келеді. Синоптиктердің айтуынша, еліміздің басым бөлігінде циклон мен атмосфералық фронттардың әсерінен найзағайлы жаңбыр жауады.

1 шілдеде батыс пен шығыста, 3 шілдеде солтүстік-батыста бұршақпен бірге қатты жаңбыр жаууы мүмкін. Ал орталық, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Бұл аймақтарда жел күшейіп, шаңды дауыл көтерілуі ықтимал.

Күндіз термометр бағандары:

оңтүстікте 40–44°C,

оңтүстік-шығыста 35–39°C,

орталықта 35–38°C,

солтүстікте 30–35°C көрсетпек.

Мамандар тұрғындарға күн астында ұзақ болмауға, жеткілікті мөлшерде су ішуге және ыстық сағаттарда физикалық белсенділікті азайтуға кеңес береді. Еуропадағыдай шектеулер енгізілмегенімен, Қазақстанда да сақтық шаралары аса маңызды болып тұр.