Атырауда лифт шахтасына құлаған баланың жағдайы белгілі болды
Атырауда лифт шахтасына құлап кеткен жеткіншектің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Жасөспірімге дер кезінде медициналық көмек көрсетілген, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Almaty.tv сайтына сілтеме беріп.
Оқиға Береке ықшам ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Алдын ала мәліметке сүйенсек, бала лифтіге велосипедпен кірмек болғанда есік жабылып, өзі сыртта қалып қойған. Осы сәтте лифт жоғары көтеріле бастағанда жеткіншек жармасып үлгеріп, шахтаға құлап кеткен.
Қазір бұл оқиға бойынша тергеу басталды. Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, жауапты мердігер компаниямен байланыс орнатылып, кезектен тыс техникалық тексеріс жүргізіліп жатыр.
— Бұл лифтіге қызмет көрсететін «Каспий» ЖШС арнайы тексеріс жүргізуде. Оқиғаға қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін, — деді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.
Жауапты органдар аталған лифтінің қауіпсіздік жүйелерін тексеріп, қайталама оқиғалардың алдын алу үшін қажетті шаралар қабылдауға уәде берді.