Измирде ірі орман өрті тіркелді: әуежай жабылып, тұрғындар көшірілді
Түркияның батысындағы алапат орман өрттері Измир қаласы мен жағалаудағы елді мекендердің тынысын тарылтты. Билік 450-ден астам отбасыны эвакуациялап, Измир халықаралық әуежайының жұмысын уақытша тоқтатты. Қауіп төніп тұрған негізгі аймақтар – Газиемир, Сеферихисар және Мендерес. Тек Сеферихисардың өзінде бес ауданның тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме беріп.
Өрттің ошағы Газиемир ауданында тіркеліп, күшті желдің салдарынан санаулы сағат ішінде орман алқаптарын шарпыды. Түркияның ауыл және орман шаруашылығы министрі Ибрагим Юмаклының мәлімдеуінше, желдің екпіні сағатына 117 шақырымға дейін жетіп, бұл жағдай әуеден өрт сөндіруді қиындатқан. Қазір өртпен күрес жұмыстары негізінен жердегі күштерге жүктелген – мыңнан аса маман, ондаған арнайы техника мен полицияның су шашатын көліктері жұмылдырылған.
Әуежайда бірқатар рейстер тоқтатылып, кей ұшақтар бағыт өзгертуге мәжбүр болды. Әуеде қонуға рұқсат күткен рейстер де болған. Ондаған тұрғын үй отқа оранып, адамдар уақытша қауіпсіз аймақтарға орналастырылды.
Билік бұл өртті қасақана қою мүмкіндігін жоққа шығармайды. Полиция әзірге аты-жөні жарияланбаған 17 күдіктіні ұстады. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Төтенше жағдайға аптап ыстық та себеп болып отыр. Измирде маусым айы үшін рекордтық температура — +41,6 °C тіркелген.
Түркия Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, соңғы екі күнде ел бойынша 153 орман өрті орын алған. Ең көп зардап шеккен аймақтар – Маниса, Сакарья, Биледжик және туристер көп шоғырланған жағалаудағы өңірлер. Бірқатар провинцияларда 13 ауыл мен елді мекен толықтай эвакуацияланған.