Шілдеден бастап Қазақстанда бірқатар тауар мен қызмет түрі қымбаттайды
Қазақстанда 1 шілдеден бастап азық-түлік пен кейбір қызмет түрлерінің жаңа ең төменгі бағалары күшіне енеді. Бұл өзгерістер ұн, май, алкоголь, темекі мен газ бағасына әсер етеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі newsroom.kz сайтына сілтеме беріп.
Азық-түлік бағасы өседі:
Ұн бағасы 44,6%-ға қымбаттап, бір келісі 96,65 теңгеден 139,81 теңгеге дейін көтеріледі.
Күнбағыс майының құны 61,2%-ға артады. Ашытқы да қымбаттайды, бұл нан мен нан өнімдерінің бағасына ықпал етуі мүмкін.
Алкогольдік өнімдер де шарықтайды: арақ литріне 1136,16 теңгеге (6,4%), ал коньяк 3282,97 теңгеге дейін (21,5%) өседі.
Жұмыртқа бағасы керісінше 4%-ға арзандайды — бір данасы 37,80 теңге болады.
Темекі мен газ бағасы да өзгереді:
Темекінің ең төменгі бөлшек бағасы 920 теңгеге жетіп, жыл соңына дейін осы деңгейде қалады. 2026 жылдың басында тағы да өсіп, 970 теңге болмақ.
Алматы және бірқатар облыстарда ірі кәсіпорындар мен тау-кен компаниялары үшін 1000 текше метр газ бағасы 76 686 теңгеге дейін көтеріледі.
Бөлшек тұтынушылар үшін де газ қымбаттамақ: Алматыда 1000 текше метрі 39 979 теңге, Шығыс Қазақстанда — 13 069 теңге болады.
Жаңа бағалар халықтың күнделікті тұтынатын негізгі тауарларына тікелей әсер етеді. Сарапшылар бұл өзгерістер инфляцияны күшейтіп, тұрмыстық шығындарды арттыруы мүмкін екенін ескертуде.