«Африка» екіге бөлінуі мүмкін. Жаңа мұхит пайда бола ма?

Бүгін, 08:54 / Ерлан Айқынұлы
Фогто: www.freepik.com

Эфиопияның астындағы жерасты мантиясы ырғақты соққымен қозғалып, болашақта Африка континентін екіге бөлуі мүмкін, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Inbusiness порталының Nature Geoscience журналынан алған дерегіне сүйеніп.

Халықаралық ғалымдар тобы жүргізген зерттеу барысында Афар үштағанында (үш тектоникалық рифттің түйіскен жері) балқыған мантия ағыны бір ырғақпен жоғары қарай қозғалып жатқаны анықталған. Бұл құбылыс жүрек соғысына ұқсайтын табиғи дірілге ие екен.

Геолог Эмма Уотсон бұл процесті «мантияның пульсациясы» деп сипаттайды. Оның айтуынша, бұл тасқын тектоникалық плиталарды қозғап, жердің беткі қабатын жарып жіберуге дейін жетуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде болашақта Африканы қақ бөліп, екі материкке айналуы ықтимал дегенді білдіреді.

Ғалымдар Эфиопиядағы терең жерасты импульстерінің нақты дәлелдерін де тапқан. Олар бұл процестің бір күнде емес, миллиондаған жылдар бойы біртіндеп жүретінін айтады.

Аталған зерттеудің тең авторы Дерек Кир бұл мантиялық қозғалыс болашақта Африкада жаңа мұхиттың пайда болуына себеп болуы мүмкін деп болжайды. Бұл Жердің ішкі құрылымындағы өзгерістердің жер сілкіністері мен жанартаулардың белсенділігіне қалай әсер ететінін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Зерттеушілер бұл ашылымның тек теориямен шектелмей, болашақта жер астындағы белсенді аймақтардан халықты көшіру, жаңа құрылыс жүргізуді шектеу сынды нақты әрекеттерді қажет ететінін ескертеді.

Айта кетейік, бұл жаңалықпен қатар, ғалымдардың басқа бір тобы Жердің айналу жылдамдығының күрт өзгергенін жариялады. Соңғы бес жылда күннің ұзақтығы бірнеше рет рекордтық деңгейде қысқарған. Егер бұл жылдамдық одан әрі артса, тәуліктегі уақыт азайып, әлемдік климат пен экожүйеге үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін.

Бүгінгі таңда адамзат мұндай өзгерістерге куә болмай-ақ қойса да, ғаламшардың ішкі тіршілігі біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Тэгтер:

жерасты мантия Африка континенті Эфиопиядағы импульс жаңа мұхит