Бекзат Алмахан UFC-де найзағайдай нокаут жасап, Қазақстан атынан рекорд орнатты
Қазақстандық ММА өкілі Бекзат Алмахан (12 жеңіс, 2 жеңіліс) UFC-дегі екінші кездесуінде жарқын жеңіске жетіп, отандастарын қуантты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Монреаль қаласында өткен UFC 315 турнирінде 27 жастағы спортшы алғашқы жеңісін тіркеп, ұйым тарихында Қазақстан атынан ең жылдам нокаут жасаған файтер атанды.
Бекзат алдын ала картада жергілікті файтер Брэд Катонамен (14 жеңіс, 5 жеңіліс) кездесіп, жекпе-жекті небәрі 64 секундта аяқтады. Үш раундқа жоспарланған жеңіл салмақтағы айқаста ол қарсыласын дөп соққымен нокдаунға түсіріп, кейін соққыларын жалғастырып, төрешіні жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр етті.
Бұл жеңіс – Бекзаттың кәсіпқой мансабындағы 12-жеңісі және UFC аясындағы алғашқысы. Бұған дейін ол 2024 жылдың наурызында ресейлік Умар Нурмагомедовпен өткен дебюттік кездесуінде төрешілер шешімімен жеңіліп қалған еді. Дегенмен сол жекпе-жекте де қарсыласын бірінші раундта нокдаунға түсіріп, жанкүйер есінде қалған.
Ал Брэд Катона үшін бұл – мансабындағы 19 жекпе-жек және алғашқы рет мерзімінен бұрын (техникалық нокаутпен) жеңілген жағдайы.