«Тіленші Антон» қалай бай саудагерге айналды?
1791 жылы Францияда университетте оқып жүрген бір жас жігіт әр жұма сайын Версаль қаласындағы үйіне жаяу барып тұрады. Жол бойында Антон есімді тіленші күнде қайыр сұрап отырады. Бір күні ол бір орта бойлы, арық кісімен бірге келе жатады. Алдынан Антон тағы шығып, әдеттегідей қайыр сұрайды. Сонда әлгі кісі оған былай дейді:
– Сенің бет-жүзіңде ақыл бар сияқты, денің сау. Бай болғың келсе, мына кеңесімді ұмытпа. Мен де сендей жоқшылық көрдім, бірақ қайыр сұрамадым. Әуелде ауыл-аймақтан ескі шүберек жинап, қағаз фабрикасына сатып жүрдім. Ақша жиып, есек пен арба сатып алдым. Кейін шүберек сатып, сауда жасадым. Жеті жылда он мың франк таптым. Қазір менің екі үлкен үйім мен фабрикам бар. Балама қалдырдым. Өйткені еріншектікке үйретпедім. Еңбекпен тапқан мал — берекелі. Қаласаң, сен де осындай бола аласың.
Антон бұл сөзден соң ұзақ ойланып, тіленшілікті біржола тастайды. Ізденіп, жұмыс істеп, табысқа жетудің жолына түседі.
Араға 25 жыл өткен соң, әлгі студент Брюссель қаласында кітап дүкеніне кіріп, сатушыларға бұйырып тұрған бай адамды көреді. Қараса — баяғы Антон. Антон студентті танып:
– Сіз жиырма бес жыл бұрын маған ақыл айтқан кісінің қасында келе жатқан едіңіз. Сол сөздер менің өмірімді өзгертті. Еңбек еттім, іздендім, байыдым. Қазір осы үлкен дүкен менікі, – дейді.
Ғибрат:
Адамды жоқшылық емес, еріншектік жарға жығады. Еңбек етуден, қиындықты жеңуден қорықпаған жан түбінде жетістікке жетеді. Антонның тағдыры – соған дәлел.
Дереккөзі: Ыбырай Алтынсарин «Дүние қалай етсең табылады»