Қосымша білім беру жүйесінде жаңа кезең басталды: енді оқушылар үйірмелерге электронды ваучер арқылы тегін қатыса алады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ОКҚ-да өткен брифингке сілтеме жасап.
2021 жылдан бастап мемлекет есебінен қосымша білім беруді қаржыландыру жүйесі енгізіліп, осы уақыт ішінде 1,5 миллионнан астам бала шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына тегін қатысу мүмкіндігін иеленді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Майра Мелдебекова мәлімдеді.
Алайда вице-министр қазіргі жүйеде бірнеше түйткіл бар екенін де ашық айтты. Атап айтқанда, өтінімдердің қайталануы, үйірмелердің тізімінің шектеулігі, сапаға бақылаудың әлсіздігі және кезектілік механизмінің ашық болмауы ата-аналар тарапынан жиі сынға алынады. Сонымен қатар, қаржыны тиімсіз пайдалану және мемлекеттік тапсырысты бөлу кезіндегі формализм мәселелері де байқалған.
Осы олқылықтарды жою үшін 2025 жылдың маусымынан бастап ваучерлік қаржыландыру жүйесінің пилоттық кезеңі басталды. Жоба Астана, Шымкент, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда қалаларында іске қосылған. Жаңа жүйеде әр балаға бір үйірме немесе секцияға тегін қатысуға мүмкіндік беретін электронды ваучер беріледі.
Майра Мелдебекованың айтуынша, бұл модель қосымша білім берудің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыруға да ықпал етеді. Тиісті төрт министрлік пилоттық жоба аясында жаңа шешімдер мен тәсілдерді енгізуге кірісіп кеткен.
Жаңа жүйе ел бойынша кең көлемде енгізілмес бұрын, пилоттық тәжірибе негізінде барлық тетіктер тексеріледі.