Балаларға арналған үйірмелерге кезек енді әділ жүйемен реттеледі
Қазақстанда қосымша білім беру қызметтері – спорт, өнер және үйірмелер – жаңа ваучерлік жүйе арқылы қаржыландырыла бастады. Бұл пилоттық жобаның негізгі ерекшеліктері мен өзгерістері ОКҚ алаңында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы.
Енді қосымша білім беру ұйымдары мемлекеттік тапсырыс алу үшін арнайы цифрлық платформаға тіркелуі керек. Қызмет көрсету сапасы сол жерде тексеріледі, комиссия қорытындысы арқылы шешім қабылданады. Осылайша ата-аналар мен балалар үшін таңдаудың кеңеюі қамтамасыз етіледі.
Майра Мелдебекованың айтуынша, бұған дейін барлық балалар бір кезекке тіркелетін. Ал жеңілдікті санаттағы бала кезекке қосылған сайын, бұрынғы кезекте тұрғандар артқа ысырылып қалатын. Жаңа жүйеде балалар 12 түрлі әлеуметтік санатқа бөлінеді және әрқайсысының өз кезегі болады. Бұл ата-аналардың сенімін арттырып, процестің әділеттілігін қамтамасыз етпек.
Сонымен қатар, бұрын ваучер негізіндегі төлемдер алдын ала есептелсе, енді нақты қатысу фактісі бойынша жүргізіледі. Баланың қатысуы цифрлық платформада белгіленеді, ал ата-ана сол қызметті растау арқылы төлемді жібереді. Мұндай жүйе жалған есептер мен тіркеулерді болдырмайды.
Жаңа модель ата-аналарға ваучерді жоғалтпай-ақ, қалаған ұйымын ауыстыруға мүмкіндік береді. Бұған дейін төлем мөлшері АЕК-пен есептелсе, енді әр өңірде баға базалық норматив негізінде жеке анықталады. Бұл өз кезегінде жалдау ақысы мен инфрақұрылымдық ерекшеліктерді ескеруге жол ашады.
Ақпараттық қауіпсіздік те назардан тыс қалмады: барлық дербес мәліметтер Оқу-ағарту министрлігінің ұлттық дерекқорында сақталатын болады.
Жоба еліміздегі қосымша білім беру саласының ашықтығын арттырып, ата-аналар мен балаларға тиімді әрі икемді жүйе ұсынуды көздейді.