«Сау тамтығы қалмаған»: Үш ит талаған 10 жастағы бала ауыр жарақат алды
Алматы облысы Жалпақсай ауылында оңалту орталығынан қашып шыққан иттер балалар алаңына кіріп, 10 жастағы баланы талап тастаған, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы.
Қайғылы жағдай 30 маусым күні кешке қарай болған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, оқиға футбол алаңында балалар ойнап жүрген сәтте болған. Сол кезде екі овчарка мен бір питбуль тұқымдас ит кенеттен алаңға кіріп, балалардың соңынан түскен. Көпшілігі қашып құтылғанымен, Максим есімді бала қашып үлгермей, иттердің шабуылына ұшырады.
Сурет жүрегі әлсіздерге көруге ұсынылмайды!
«Иттер оның құлағын жұлып, санын қан жоса етіп тістелеп тастады. Басынан да жарақат алған. Баланы иттерден ажырату өте қиын болды. Құтқаруға келген бірнеше ер адам иттердің бірін өлтіруге мәжбүр болды. Бірақ ит иелері кінәсін мойындамай отыр», – дейді куәгерлер.
Ауыр жарақат алған бала Қарасай аудандық ауруханасына жеткізіліп, алдымен жансақтау бөліміне жатқызылған. Бірнеше сағаттан кейін травматология бөліміне ауыстырылған. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі жағдайы ауыр, бірақ өміріне тікелей қауіп жоқ. Ем-дом тиісті хаттама бойынша жүргізіліп жатыр.
Полиция бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғаған. «Кәмелетке толмаған баланың денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіру» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Сонымен қатар, иттер шыққан оңалту орталығы қызметкерлерінің әрекетіне де құқықтық баға берілетіні айтылды.
Бұл жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Көпшілік үй жануарларын бақылауда ұстау талаптарын күшейтуді талап етуде.