Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік таратылып, ҰҚК құрамына өтті
Қазақстанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі енді өз алдына жеке орган ретінде жұмыс істемейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру туралы жарлыққа қол қойып, агенттікті тарату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, бұрынғы агенттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына енеді. Енді оның орнына ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылмақ.
Сонымен қатар, бұл құрылымның жемқорлықпен күрес саясатын қалыптастыру, алдын алу, мәдениетті насихаттау секілді негізгі стратегиялық функциялары Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілетіні айтылды.
Жарлыққа сәйкес, екі орган – ҰҚК мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бұрынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің құқықтық мұрагері ретінде бекітіледі. Яғни, олардың арасында өкілеттіктер мен қызметкерлер саны қайта бөлінеді.
ҰҚК енді бір ай ішінде жаңа құрылым – Қызмет туралы ереже жобасын және қажетті штат бөлу жөніндегі ұсыныстарын Президентке ұсынуы тиіс. Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өз ережесіне өзгерістер енгізу жобасын дайындайды.
Барлық нақтылау және іске асыру шаралары екі ай мерзімде аяқталуы тиіс. Ал 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Үкімет бұл өзгерістерге сай заң жобасын дайындап, Парламент Мәжілісіне ұсынуы қажет.
Жаңа тәртіп жарлыққа қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.