Жоғары жетістікке – ғылыммен: Қазақстан спортында тың тәсілдер енгізілуде

1 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: ОКҚ

Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі отандық спортты ғылыми негізде дамытудың жаңа кезеңіне аяқ басты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме беріп.

Министрлік пен Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығы бірлесіп алғаш рет «спорттық медицина» мен «нутрициология» салалары бойынша кәсіби стандарттар әзірледі. Бұл стандарттар Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен бекітіліп, еліміздегі спортшылардың денсаулығы мен тамақтануына қатысты талаптарды жүйелеуге мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар, спорт саласындағы басқару жүйесіне де өзгеріс енгізілді. Облыстық деңгейдегі дене шынықтыру және спорт басқармаларының жаңа басшыларын енді арнайы комиссия мақұлдайды. Кандидаттардың кәсіби біліктілігі, стратегиялық ойлау қабілеті мен өңір спортына көзқарасы толық зерттеліп барып шешім қабылданады. Қазірдің өзінде 12 өңірде жаңа басшылар тағайындалып үлгерді.

Министрлік спорт саласына заманауи технологиялар мен білімді енгізуді де басты назарда ұстап отыр. Астанадағы Performance Hub зерттеу алаңында бокс, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, еркін күрес, таэквондо сияқты 16 спорт түрінен 150-ден аса спортшы ғылыми тестілеуден өтті. Ұлттық құрама бапкерлеріне арнап велоспорт пен биатлон бойынша арнайы семинарлар ұйымдастырылып, оған спорттық медицина мамандары мен ғалымдар тартылған.

Болашақта Астанадағы Ұлттық спорт университеті еліміздегі спорт ғылымының орталығына айналмақ. Университетте тек кәсіби бапкерлер ғана емес, спорт менеджерлері, психологтар мен зерттеушілер де даярланады. Онда көркем гимнастика, дзюдо, күрес, жүзу, жеңіл атлетика сияқты бағыттар бойынша ұлттық құрамалардың оқу-жаттығу жиындарын өткізуге толық жағдай жасалған.

Отандық спортқа шетелдік тәжірибе де белсенді енгізіліп жатыр. Дзюдо құрамасын Олимпиада чемпионы Эцио Гамба дайындай бастады. Ал семсерлесуден ұлттық құрамамен 2024 жылдың қазан айынан бері украиналық маман Александр Горбачук жұмыс істеп келеді. Оның жетекшілігімен қазақстандық Руслан Құрбанов Колумбияда күміс медаль еншілеп, Канадада командалық қола жүлдеге қол жеткізді.

Жаңа ғылыми стандарттар мен шетелдік тәжірибе Қазақстан спортын жаңа белеске шығара ма? Бұл сұрақтың жауабын алдағы халықаралық жарыстар көрсетпек.

Тэгтер:

Спорт Туризм және спорт министрлігі ғылыми негізде дамыту