Қарағанды облысында тәркіленген қаржы есебінен 51 медициналық нысан бой көтеруде
Қарағанды облысында заңсыз иемденіліп, кейін мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 51 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Құны 5,9 миллиард теңгені құрайтын бұл жобалар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық бағдарламасының аясында жүзеге асуда. Қаржы Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген. Жаңа нысандардың жыл соңына дейін пайдалануға берілуі жоспарланып отыр.
Шет, Ақтоғай, Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра және Осакаров аудандарында дәрігерлік амбулаториялармен қатар, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен медициналық бекеттер салынып жатыр. Бұл шалғай ауылдарда тұратын халық үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін едәуір арттырмақ.
Жоба аясында профилактикалық шаралар, ауруларды ерте анықтау, шұғыл жағдайдағы алғашқы көмек көрсету қызметтері де күшеймек.
Айта кетейік, еліміз бойынша жалпы саны 655 нысан салу көзделсе, соның 480-і қазірдің өзінде аяқталған. Бұл мақсатқа республикалық бюджетпен қатар, тәркіленген қаражат та бағытталып отыр.