Он өңірдің қалалары 100 пайыз сумен қамтылды
Фото: dananews.kz

Он өңірдің қалалары 100 пайыз сумен қамтылды

Қазақстанның бірқатар өңірлерінде ауыз сумен қамту толық көлемде шешімін тапты. Атап айтқанда, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарының қалалары таза ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Маңғыстау облысының ауылдық аумақтары да осы қатарға енді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Үкімет отырысында сөз сөйлеген ҚР Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, бүгінде қала халқының 99,3 пайызы ауыз сумен қамтылған. Республика бойынша 90 қаланың 73-і таза суға толық қол жеткізіп отыр. Қалған 17 қалада, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Семейде сумен қамтуды толық аяқтау осы жылдың соңына жоспарланған.

Ауылдық жерлерде де ауызсуға қолжетімділік айтарлықтай жақсарған. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының 97,5 пайызы орталықтандырылған жүйелер немесе блок-модульдер арқылы сумен қамтылып отыр.

Елдегі 6148 ауылдың 5679-ы (яғни 92,4%-ы) таза суға қол жеткізсе, олардың 4420-сы орталықтандырылған жүйеге қосылған. Тағы 999 ауылда арнайы кешенді блок-модульдер орнатылған. Ал қалған 469 ауылда (164,7 мың тұрғын) ауыз су мәселесін шешу үшін республикалық және жергілікті бюджет есебінен құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл бастама елдегі өмір сапасын жақсартып, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.