Алматы облысының әкімшілік орталығы Қонаев қаласында жалпы сомасы 245 млрд теңгені құрайтын 11 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Барлық нысандар жеке капитал есебінен қаржыландырылады және тұрақты экономика мен жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Облыс әкімі Марат Сұлтангазиевтің жұмыс сапарының қорытындысы бойынша, Қонаев қаласында 245 млрд теңге көлемінде 11 инвестициялық жоба іске асырылуда, бұл жобалар аясында 1000-нан астам жұмыс орны ашылады. Барлық нысандар тек жеке капитал есебінен қаржыландырылуда.
«Біздің мақсатымыз – әр теңге дамуға қызмет ететін экономика құру. Бұл – жолдар, тұрғын үй, өндіріс және жайлы қалалық орта. Біз бизнес үшін тиімді, тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға ұмтыламыз», – деді облыс басшысы.
Ең ауқымды жобалардың қатарында 11,6 гектар аумақта салынып жатқан «Феникс» тұрғын үй кешені бар. Инвестиция көлемі – 65 млрд теңге. Жоба әзірлеушісі – Central Asia Construction Company компаниясы және Қытайдың Ningxia Jianyi Real Estate компаниясымен серіктестікте жұмыс істейді. 2029 жылға дейін 156 мың шаршы метр тұрғын үй, 4 мың шаршы метрден астам коммерциялық алаңдар, сондай-ақ балабақша, полиция бөлімі және жерасты паркингі салынады. Құрылыс кезінде 200-ден астам адам жұмысқа тартылмақ.
Денсаулық сақтау саласында 48 төсек орынға арналған жеке кардиологиялық орталық салынып жатыр. Операциялық және диагностикалық кабинеттер бар. 1,5 млрд теңге көлеміндегі жобаны «Интермед плюс» компаниясы жүзеге асырады. Орталық 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл жобада 100 жұмыс орны ашылады.
Туризм саласын Қапшағай жағалауындағы курорттық-сауықтыру кешені таныстырады. Жобаға қонақүй, аквапарк, SPA-зоналар, аттракциондар және жағажай инфрақұрылымы кіреді. Инвестицияның жалпы көлемі – 24 млрд теңге. Эксплуатация кезеңінде 150 жұмыс орны құрылмақ. Барлық жобалар нәтижесінде 1050-ден астам жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, жаңа кәсіпорындардан түсетін салық түсімдері әр деңгейдегі бюджетке жыл сайын 6 млрд теңгеден астам қаржы әкеледі.
Оған қоса, шағын бизнес – сервис қызметтері, күзету, клининг, офистік қызмет көрсету салалары дамуда, бұл 55 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.