Абай облысының әкімі Берік Уәли Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэймен кездесу өткізді. Тараптар екіжақты экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту жолдарын талқылады, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Кездесу барысында өңір басшысы Абай облысының халықаралық әріптестікке, әсіресе көршілес Қытаймен тығыз ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін айтты. Оның айтуынша, өңірдің географиялық орналасуы – транзиттік әлеуетті арттыруға зор мүмкіндік береді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қытай – еліміздің сенімді серіктесі. Абай облысы мен Шыңжаң арасындағы 250 шақырымнан астам шекара, сондай-ақ бізде халықаралық әуежайдың болуы бұл байланыстарды күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз “Аягөз – Тачэн” теміржолын салып, құрғақ порт ашуды көздеп отырмыз», – деді Берік Уәли.
Өз кезегінде консул Цзян Вэй Қытай тарапының Абай облысымен бірлескен жобаларға қызығушылық танытатынын айтып, Бақты кеден бекетінде туристерге қолайлы «жасыл дәліз» енгізу идеясын ұсынды.
Бұдан бөлек, консул Семей медицина университетімен байланыс орнатуға ниетті екенін білдірді. Сонымен қатар, облыс әкімін Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық ауданындағы Шәуешек қаласында өтетін форумға шақырып, Тачен аймағы Абай облысымен экономикалық байланыс орнатуға әзір екенін жеткізді.