Алматыда жасөспірімді топ болып соққыға жықты

1 шілде, 2025 / Ақбота Сабырхан
Фото: polisia.kz

Алматыда жасөспірімді топ болып соққыға жықты, деп хабарлайды Anyqtime.kz

Әлеуметтік желілерде Алматы қаласының Түрксіб ауданында болған жасөспірімді соққыға жығу оқиғасы туралы ақпарат таралуда.

«Оқиға 28 маусым күні Сейфуллин көшесіндегі саябақ маңында болған. Жазылушының айтуынша, шамамен сағат 15:00 мен 16:00 аралығында. Зардап шеккен баланың анасының айтуынша, оның ұлына бір топ жасөспірім шабуыл жасаған. Олар оны жабылып ұрып, пышақпен қорқытқан. Қазіргі уақытта жасөспірім мұрын сүйегінің сынуы және миы шайқалу диагнозымен ауруханада жатыр», – делінген жарияланымда.

Зардап шеккен баланың отбасы оқиғаны көрген куәгерлерді іздеуде. Сонымен қатар, шабуыл сәтінде әйел адамның бірі болып жатқан жағдайды видеоға түсіріп тұрғаны айтылған.

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«Аталған факті бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтау және оған қатысы бар тұлғаларды табу үшін жедел тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Әр қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады», – делінген хабарламада.

Ақмола облысында да жасөспірімді соққыға жығу фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр: Ақкөл қаласында мектеп бітіру кешінен кейін екі адам 18 жастағы жігітті ұрып-соққан.

Тэгтер:

Алматы Түрксіб