Бішкек университетінде дау: Қазақстаннан 20 студент оқу орнынан шығарылды.
И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінде (ҚМУ) қызметтік жалған құжаттар жасау фактілері анықталды. Бұл туралы 2025 жылғы 1 шілдеде Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) хабарлады, деп жазады Anyqtime.kz
Таралған хабарламаға сәйкес, Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҚМУ-дағы шетелдік студенттердің оқыту мәселесімен байланысты бұзушылықтар туралы дәлелді мәліметтер алған.
"Ресми түрде оқу орнына қабылданған бірнеше шетелдік студенттер шын мәнінде елде болмаған және білім алу процесіне қатыспаған, олар Қырғыз Республикасының аумағынан тыс жерде жүргені анықталды. Осы факті бойынша Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлімі ("Қызметтік жалғандық") бойынша қылмыстық іс қозғалды", – делінген ҰҚМК хабарламасында.
Тергеу-оперативтік шаралар аясында комиссиялық тексеру жүргізіліп, аталған бұзушылықтар расталды.
"Тексеру нәтижесінде 59 шетелдік студенттің оқу орнынан шығарылуы туралы шешім қабылданды, оның ішінде:
30 – Өзбекстан Республикасының азаматтары,
20 – Қазақстан Республикасының азаматтары,
9 – Ресей Федерациясының азаматтары", – деп атап өтті ҰҚМК.
Қазіргі уақытта ҰҚМК ҚМУ-дың оқытушылық және әкімшілік құрамынан бұзушылықтарға қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында тергеу-оперативтік іс-шараларды жүргізуді жалғастыруда.