2025 жылғы 30 маусымда Алматы маңындағы Жалпақсай ауылында иттер 10 жастағы баланы ауыр жарақаттады. Қазір бала жансақтау бөлімінде жатыр, ал полиция бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Ауыл тұрғындары бұл оқиғаға бейжай қарамай, әлеуметтік желілерде жария етіп, болған жағдайды баяндаған. Белгілі болғандай, питбуль мен екі овчарка жеке ауладан шығып кетіп, баланы футбол алаңында тап берген.
"Қалған балалар қашып үлгерді, бірақ Максим қашып құтыла алмады. Оған үш ит жабылып кетті. Иттерді ұзақ уақыт бойы ажырата алмадық. Олар баланың құлағын жұлып, жамбас етінің жартысын талаған. Басының бәрі жара. Иттердің иелері кінәсін мойындамай отыр", – дейді оқиғаны көрген куәгерлер.
Қазіргі уақытта бала ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр.
Сондай-ақ куәгерлердің айтуынша, екі ер адамның ерлігі арқасында ғана шабуыл тоқтатылған. Олар өмірлерін қатерге тігіп, балаға араша түсіп, олардың бірі питбульді атып тастаған, осылайша баланың өмірін аман алып қалған.
Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі 1 шілдеде ресми мәлімдеме жасады.
Құқық қорғау органдары аталған факті бойынша «абайсызда кәмелетке толмаған баланың ауыр дене жарақатын келтіру» бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталғанын нақтылады.
"Қазір куәгерлерден жауап алынуда. Болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде", – делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар, тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалған, олардың нәтижелері бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады.
"Бұдан бөлек, оңалту орталығының жауапты қызметкерлерінің әрекетіне де құқықтық баға берілетін болады. Кінәлі тұлғалар заңнама аясында жауапкершілікке тартылады", – деп қосты ведомство.
Полиция департаменті қоршалған аумақтарда, жануарлар болуы мүмкін жерлерде ерекше сақ болуды ескертеді:
"Ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың бос уақытын қадағалап, жеке қауіпсіздік ережелерін түсіндіруді қатаң түрде ұсынамыз".
Айта кетейік, бұған дейін, 18 маусымда Астанада бір азамат питбульдің шабуылынан кейін сот арқылы өтемақы өндіріп алғаны хабарланған болатын.